Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

0
1289

Ашық аспан астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқанымыз – майдан даласында оққа оранып, ерлік пен қайсар мінез танытқан Батыр жауынгерлеріміздің ерен еңбегі. Олар батыр атану үшін емес, қалайда ел тыныштығын сақтап, ұрпағына бейбіт заманды мирас етіп қалдыруды мұрат тұтты.

 «Соғыс заңы – өте қатал заң» — деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, соғыс ешкімді де аяған жоқ. Бір жанұяның арқа сүйер азаматтары отты жылдарда опат болды. Кемпір-шал, бала-шаға, аяулы аналарымыз «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұранын арқалап, тылда күндіз-түні тынбай еңбек етті. Майданға кеткен ерлердің орнына колхоздарда, мал фермаларында төрт түлікті бағып-баптау түгелдей әйелдер мен қарттардың үлесіне тиді.

Сарыбастау ауылынан 1942 жылдың қаңтарынан бастап жігіттерді әскерге ала бастады. Ерлер дереу қару алып, 100 сағаттық әскери дайындықтан өтіп жатты. Әсіресе шекаралы аймақ ерекше қорғалды: осы өңірге келген әрбір адам мұқият тексеріліп, бақылауға алынып отырды. Ол туралы Нүсіпбек Әшімбаев өз естелігінде былай деп жазады: «Майданға алдымен механизаторлар аттанды, сосын еңбектегі ең белсенді колхозшылар – 30-32 жасар еркектер, бұдан кейін қалғандарының бәрі, денсаулығына қарай армияның жеңіл қызметін атқаруға шамасы келетіндер кетті. Менің ауылдастарымның басым көпшілігі майдандағы армияға сапар шекті, тек денсаулығы нашарлау, шек қойылған аздаған адамдар ғана инженерлік-құрылыс жұмысына жіберілді, Қарағанды көмір алқабының шахталарында жұмыс істеді. Біздің артельдің соғыс жылдарында қалай тұрғанын айтып жатпайын, ол ұзақ та, жанға батар да. Тек айтарым, бәріміз де уақытпен санаспастан, күн райына да қарамастан жұмыс істедік. Біз майданға астық, ет, сүт, жүн, тері бердік, әйтеуір, жерімізге не шықса, не өсірсек соның бәрін аямадық. Жүз жиырма шамалы еркек – біздің артельдің колхозшылары – солдат шинелін киді. Олардың орнын егінде де, фермада да әйелдер басты, құдай ақы, жұмысты еркектерден кем істеген жоқ, қайта бізден артық істеді. Шын айтам, мемлекетке бұл кезде өнімді неғұрлым көп беру керек болды, сол еңбек майданында әйелдер қатардан қалыспады. Бұл істе колхоздың сол кездегі председателі Әбдірахым Наурызбаев көп еңбек сіңірді. Ол артельді 1942 жылдан 1954 жылға дейін басқарды. Орта мектебімізде музей бар. Оған экспонатты балалар жинады, стендіні, көрмені, макетті өрнектеген де солар. (Н. Әшімбаев «Ленин атындағы колхоз»).

Көрменің біреуінде колхозшы Әріп Саурамбаевтың 1943 жылы өз ауылдастарына жазған хаты тұр. «Неміс бандиттерін талқандағасын үйге қайтармын, — деп жазды Әріп 18 августа. – Әзірге сендерден өтінетінім: колхозда жұмысты жақсы істеңдер, сөйтіп фашистерді тезірек құртайық!». Әріп майданнан оралмады, украин жері оны өз құшағына алды.

Сарыбастау ауыланан соғысқа 102 азамат аттанды, соғыстан 52 азамат қайтпады, елге 50 азамат жеңіспен оралды. Олар: Қашқынбаев Жәлел, Сатымбаев Бейсенбек, Теміралиев Көдек, Талпақов Әпей, Құлжабаев Сатыбалды, Бүйенбаев Әбдірахман, Далбаев Ермекбай, Әлімқұлов Шапайза, Миляков И., Киікбаев Бекбай, Мысақұлов Бақыт, Жауынбаев Рамазан, Жидеханов Қырғызбай, Жауғашов Сатылған, Жақсылықов Байбасша, Қатубаев Сәрсенбай, Толымбетов Құлжабай, Дуанқұлов Әбдіқасым, Жұманұлы Рауан, Сыдықбаев Ұйқас, Шампаев Мұсатай, Құрықбаев Жамбасбай, Талпақов Рақымғазы, Әлиев Нұрәсіл, Қыдыров Жұпарқожа, Туғанбаев Бағыбай, Ұлтанбеков Қайыпжан, Лаусанов Мырзаәлім, Хасенов Әбдісүлеймен, Жұманов Жәлел, Әшімбаев Әріпбай, Мәсімғазиев Нұрмұханбет, Жазықбаев Омаржан, Текесбаев Әбдірәсіл, Қалтаев Тұрсынәлі және т.б.

   Соғыс аяқталып, бейбіт заман орнаған кезде де ауыл азаматтары колхозда еңбек етті. Күндіз-түні мыңғыртып мал бағып, қора-қора шөп үйіп, республика үшін тонналап астық жинады. Соның барлығы ұрпақтың қамы үшін болатын. Жартысынан астамы жалындаған шағында майдан даласында қаза тапты. Бүгінде ауылда бірде-бір майдангер қалған жоқ. Олардың артында қалған ұрпақтары ерлік көрсеткен аталарын мақтан тұтады.

   Ал біздің қасиетті борышымыз сол батыр бабалар даңқын ұлықтап, жеңіс жолындағы жан қиярлық ерліктерін ұмытпау. Талай озбырлықтың ортасында жүрсе де ар-намысын жоғары қоя білген әрбір майдангер құрметке лайық. Сұм жылдардың қиындығына мойымай, сұрапыл соғыста  ерлік көрсетіп, халқына елеулі қызмет еткен майдангерлер ерлігін қанша ұлықтасақ та аздық етеді.

Маржан СӘБЕТ

Соғыста жеңіске жетіп, елге оралған азаматтар!

Соғыс даласында қаза тапқан азаматтар!

Тыл ардагерлері

Колхоз ардагерлері

Социалистік Еңбек Ері

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here