Нұркен ТАШМЕТОВ: Ниетіміз алтындай асыл болу керек

0
753

Адамзат баласы алтын өндірісін көне тас ғасырынан бастап өндіріп, уақыт өте келе табиғатта сирек кездесетін металл екенін ұғынды. Бүгінгі күнге дейін алтын өз бағасын жоғалтпаған құнды металл. Соңғы жылдардың еншісінде алтынның бағасы алты есеге дейін қымбаттаған. Көптеген мемлекеттер өзінің алтын қорларын еселеу үстінде. Инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда алтын өндіретін 343 кен орны бар. Солардың бірі, Жарқұлақ алтын кен орны — Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылынан оңтүстікке қарай 65 км қашықтықта орналасқан. Кен орны 1939 жылы ашылып, 1940-1954 жылдары барлау жұмыстары жүргізілген. Жарқұлақ алтын кен орны Жарқұлақ-Дөңарша алтын кентасты белдемінде орналасқан. Қазіргі уақытта Жарқұлақ алтын кен орнын “Марум Жар Голд”  кәсіпорны игеруде. Жарқұлақ алтын кен орнындағы бүгінгі ахуал қандай? Табиғатқа және жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне зиянын тигізіп жатқан жоқ па? Кеншілердің еңбегі еленіп жатыр ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін «Марум Жар Голд» ЖШС басшысы Ташметов Нұркен Қуанышұлымен сұхбаттасқан едік. Ендеше…

Алтын өндірісінің пайдасы жоғары, шығыны да аз емес

Мемлекет Кеңес үкіметі кезінде осы жерден «Жарқұлақ» алтын кен орнын ашқан. Қазір кен орны бақылауда болғанымен, мемлекет өңдеуінде емес. Оны жекеменшік компаниялар өз қаражатымен жүргізіп отыр. Яғни, келісімшартқа отырып, мемлекеттің кен орнына жұмсаған ақшасын, оны «исторические затраты» деп атайды, жылда бөліп қайтарып отырамыз. Біз өңдемей жатып, жерден қазып алған бойда Республикаға үлкен көлемде салық төлейміз. Жер асты қойнауындағы алтынды қазып алып, оны фабрикаға тасымалдаймыз. Ол майдалаудан өтеді. Яғни, үгітіп ұнтақтаймыз. Ұнтақталғаннан кейін ол жуылады. Бұны «гидрометаллургия» дейді. Ол тек қана сумен жүргізіледі. Сумен жуылған кезде алтын ауыр металл болғандықтан, бір жаққа қарай ығысады. Түгел алып үлгермей қалғандары бөлек жиналады. Яғни, жабық күйде тек қана химиялық жолмен алынатын алтындар қалады. Оны «өндірістік қалдықтар» деп атаймыз. Бізде қазір өндірістік қалдықтар жиналып жатыр. Ол қайта өңдеуге кету керек. Өйткені ол, тек қана химиялық жолмен алынатын алтын. Тек жуумен алынбайды. Ол үшін қосымша жабдықтар қажет болады. Осы мақсатта қосымша тағы бір зауытты жоспарлап отырмыз. Қазір оған зертханалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егер ол іске асса, мемлекеттен рұқсат аламыз. Барлық қауіпсіздік талаптарын орындаймыз. Қосымша жұмыс орындары да пайда болады. Мемлекетке қосымша салық төленеді және мекеме қосымша пайда көреді. Пайда түсіп тұрса, Нарынқол өңірінің әлеуметтік жұмыстарына белсенді қатысуға мүмкіндік туады. Әрине, алтын өндіріліп жатқаннан кейін, көп пайда түседі деп сырттай айта салуға болады. Пайдасы өте жоғары екені рас. Бірақ шығыны да көп жұмыс. Мысалы, 1 тоннадан 3-5 грамм алтын өндірсек, оны қазып алғанымыз бар, тасымалдағанымыз бар, сонымен қатар құрал-жабдықтар, қыруар материал пайдаланамыз. Кейде сынған техникаларымыз оңай сатылып алынбайды. Оған қажетті бөлшектер көбіне шетелден ғана табылады. Жер қойнауының қазба байлықтарын пайдаланатын мекемелердің мемлекетке төлейтін салығы да өте жоғары болады. Біздің мекеме әлі де даму үстінде. Енді ғана жақсы жоспарлар құрылып жатыр. Бір кемшілік, фабрика мен кен орнын тым алшақ соғып қойған. Ол ең дұрысы, Қаратоған ауылының маңайында салынса бізге 30-40 шақырымдай тиімді болар еді. Қазір бізге тасымалдау шығыны артық болып отыр. Біздің кен орнымыз бен фабрикамызға дейін 70 шақырым. Өте үлкен қаражат жұмсалуда.  Кезінде жер таңдаған кезде сәл қателік жіберілген. Әзірге бұл мәселені шешу қиындық туғызуда.

Жұмыс қарқынына ешқандай фактор әсер етпеу керек

Тәулігіне 24 сағат, айына 30 күн, жылына 365 тәулік болса, барлық күнде жұмыс тоқтаусыз жүріп жатқан жоқ. Кейде аяқасты техникамыз бұзылып қалады. Техника бұзылғаннан кейін, фабрикамыздың жұмысы тоқтайды. Сол себепті біз кәсіпорын сағатын тәулігіне 24 сағат деп емес, 20 сағат деп есептейміз…  Айына 30 күн емес, 25 күн деп аламыз. 365 тәулік емес, 300 тәулік деп белгілейміз. Өйткені, жылына белгілі бір норматив бойынша жұмыс тоқтап қалатын кездер болады. Уақыт тығыз… Ол да біздің экономикамызға үлкен әсер етеді. Өйткені жұмыс тоқтағанмен, мемлекетке төленетін салықты, жұмыскерлердің айлығын тоқтатпаймыз. Кететін шығындарымыз сол қалпымен жүре береді. Аталған факторларды азайту үшін және қауіпсіздікті арттыру үшін қосымша әрекет етеміз. Біз барлық тапсырыстарды Алматыдан алып келеміз. Біздің 320 шақырымда фабрикамыз, 390 шақырымда кен орнымыз  орналасқан, сол жағын ойлап қараңызшы? Егер бір зат сынса оны Алматыдан тапқанша, оған тапсырыс бергенше, ол келгенше бір апта немесе он күн кетеді. Сол кезде жұмыс тоқтап қалмау керек. Сол үшін біз жиі сынатын, жиі істен шығатын құралдардың қорын толықтырдық. Жұмыс қарқынына, жұмыстың тоқтауына әсер ететін көп техникаларды жаңаладық. Бізде жұмыс істейтін кісілердің де жағдайларын жақсартып жатырмыз. Тамақтанатын асханаларын, киім-кешектерін, жатын орындарын, тасымалдайтын көліктерін жақсы деңгейге көтеруге тырысамыз.

230 адам жұмыспен қамтамасыз етілген

Жергілікті халықпен де тығыз қарым-қатынасқа орнатуға дайынбыз. Әкімшілікпен, белсенді қорлармен кездесіп отырамыз. Халықтың мұңын тыңдап, ойын біліп, көзқарасын байқап, қолдан келгенше сұрақтарына жауап береміз. Қазір бізде 230 адам жұмыс істеп жатыр. 70%-дан артығы осы ауданның азаматтары. Сырттан да мамандар шақырамыз, дегенмен жұмыскерлердің көп бөлігі осы өңірден.

Біз әрбір қызметкеріміздің басына іс түсіп жатса көмектесуге дайынбыз. Бетін әрі қылсын, қандай жағдай болмасын қызметкерлеріміздің жанынан табыламыз. Көбінесе жұмысқа үйінде баласы көп ерлер мен әйелдерді аламыз. Кейбірінде 6-7 балаға дейін бар. Арасында мұтаж жанұяларға көмектесіп тұрамыз. Барлық жағынан көмектесуге тырысамыз. Жұмыскерлерді тамақтандыратын азық-түліктерді осы жердің жергілікті дүкендерінен аламыз.

Халықтың тұрмыс-тіршілігінен хабардармын

Мен кен байыту, болмаса қазба жұмыстарын жүргізу мамандығын бітіргенім жоқ. Бизнес басқару мамандығымен көп жерлерде құрылыс компанияларын басқардым. Тұрғын үйлердің, сауда орталықтарының, бизнес орталықтарының іргетасын қалауға ат салыстым. Осы мекемеге келгеніме 2 жылдай болды. Білімім мен біліктілігімді, ынтамды барынша осы жұмысқа арнауға тырысып жатырмын. Ортақ тіл табуға барымды салып келемін. Өйткені, жұмыскерлермен жергілікті халықпен тіл табысу аса қиындыққа түсті деп айта алмаймын. Өйткені, өзім де ауылда өсіп, қазақи тәрбие көрген баламын. Халықтың жағдайын да жақсы білемін, тұрмыс-тіршілігінен де хабардармын. Сондықтан елден алшақ емеспін. Осы мекемеде көп кісілер ауысты, көп кісілер жаңадан келді. Қазір біздің командамызда өте белсенді, өз ісіне адал азаматтар қалды. Әрқайсысы өз ісін жақсы меңгерген, жұмысқа шынайы көзқараспен қарайды.

Мәдениет бар жерде сыйластық пен ауызбіршілік болады

Қызметтестерімнің, ең алдымен, жұмысқа жауапкершілікпен қарағанын бағалаймын. Өйткені, кейбір кісілер мойнына жауапкершілік арқалауға қиналады. Өндіріс ортасы болғандықтан, сан түрлі жағдайлар орын алады. Бізге сол арада жедел шешім қабылдай алатын қызметкерлер керек. Себебі, біз тоқтап қалған жұмысты жеделдетпесек, 10 сағатқа (кейде одан да көп) кешігуіміз мүмкін.  Мәселені 1-2 сағаттың ішінде ақылдасып, тез шешімге келетін, жауапкершілігі жоғары азаматтарды бағалаймын. Және одан кейінгі орында ішкі мәдениет тұрады. Мәдениет бар жерде сыйластық пен ауызбіршілік болатынын білеміз. Тіл табыса алмайтын, ауызбіршілігі жоқ жерде жұмыс жүрмей қалады. Ал ішкі мәдениеті мен ізеттілігі басым адамдар өзара жұмысты жеңіл атқарады. Мекеме ішіндегі қарым-қатынасқа, сыйластыққа, мәдениетке көп көңіл бөлеміз. Бізде жас ерекшелігіне қарамастан бәрі бір-біріне сіз деп сөйлейді. Бірін-бірі балағаттау, бірін-біріне дөрекі сөйлеу дегенді доғардық. Ол барлығының көңілінен шықты. Барлығы көнді. Ол өз жемісін беріп жатыр.

 

Алтынның әр грамы маңдай термен келеді

Жылына әрқалай алтын өндіреміз. Мысалы, жылына орташа алғанда 100 кг алтын өндіріледі. Алтын жер астында болғаннан кейін оның қай жерде жатқанын біз жобамен білеміз. Осы уақытқа дейін барлық құжаттар ескі болғаннан кейін,  кейде біздің барған жерімізден алтын шықпай қалады. Немесе біздің есеп бойынша ойлаған алтынымыз болмай қалады, кейде аз өндіріледі. Сол себепті қорымызды нақтылап және жұмысымызға ұзақ мерзімді жоспар жасау үшін,  тауда қосымша барлау жұмыстарын жүргізу керек болып отыр. Ол үлкен жұмыс болғандықтан, оған үлкен дайындық керек. Бізді қаражат мәселесі тоқтатып тұр. Сонымен қатар, біз алтынды терең өңдеп жатқанымыз жоқ. Егер алтынды химиялық жолмен  түгелдей алмасақ, ол ысырапшылдыққа жатады. Біздің таудағы кеншілеріміз алтынды үлкен еңбекпен, қара күшпен, маңдай термен тапты. Олардың шығарған алтындарын түгелдей алмасақ, олардың еңбегі жартылай жасалғандай болады. Әр граммның өзі үлкен қатермен келеді. Өйткені, әр кенші денсаулығын сарп етті. Алланың берген байлығын, Жер бетіне шыққаннан кейін, түгел алу керек. Осыны кеңірек игеруді жолға қойсақ, жоғарыда айтып кеткенімдей бізде жаңа жұмыс орындары да пайда болады. Біздің атқарған ісіміз де үлкен ауқымға шығады.

Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне зияны жоқ

Біздегі алтын өндірісінің жергілікті халықтың тұрмыс-түршілігіне зияны жоқ. Өйткені мемлекеттік талаптарын орындап отырмыз. Талаптарға сай, жерді қайта құнарландыру жұмыстарының жобасы жүргізіледі. Оны «рекультивация» дейді.  Рекультивацияға нақты тоқталатын болсам — бүлінген жерлердің құнарлылығын қайта қалпына келтіріп, шаруашылыққа жарамды ету, қоршаған ортаны жақсарту үшін жүргізілетін кешенді жұмыс. Заң бойынша, қоршаған ортаны қорғау талаптары бойынша жұмыс істеуге әрқашан да ниеттіміз.

 

Жердегі асылға қол жеткізгіміз келсе, бойымызда асыл қасиеттер болу керек

Алтын — асыл металл болғаннан кейін, оған деген көзқарас та, атқарылатын жұмыс та асыл болмаса, ниетіміз жаман болса, Алла Тағала бізге ол қазынаны бермейді. Арам ойыңды жүзеге асырғың келсе шықпай қалады. Жұмыскерлердің, жеткізушілердің ақшасын уақытымен төлеуге, араздаспауға, бір-бірімізді балағаттамауға тырысамыз. Ешкімнің нанын жемейміз. Жердегі асылға қол жеткізгіміз келсе, бойымызда асыл қасиеттер болу керек. Көп кісілерге «ниеттеріңіз дұрыс болсын, зат ұрламаңыздар, бір жаман пиғылда жұмыс істесеңіздер кесірі барлығына тиіп кетеді», — деймін.  

Тарихты адамдар жасайды

Біздің төл тарихымызға терең үңілетін болсақ, елдің азаттығы үшін күрескен талай қайраткерлеріміз өмір сүрді. Алашордашыл қайраткерлеріміз елімізді жаңашылдыққа бастады. Ыбырай Алтынсарин және оған дейінгі де, одан кейінгі де бабаларымыз халықтың көкірек көзін ашуға еңбектенді. Солардың ізімен келе жатқан «Ұлағатты Ұрпақ» қорын да ағартушы деп айтуға болады. Өйткені халықтың санасын, көзқарасын, білімін арттыруға, жас ұрпаққа әлемде болып жатқан жаңалықтарды жеткізуге ниетті болып жатқандарына сүйсінемін. Ауылда осындай азаматтар барына көңілім толады. Серпінді даму тілеймін.

Аудан бөлініп, жағымды жаңалықтар көбейіп жатыр. Бұған дейін, аудан бөлінбей тұрып, бір әкімнің үлкен аумаққа қарауы қиынға түсетін. Ауқым кішірейген сайын, жұмыс өнімді болады,  толық бақылауға мүмкіндік туады. Нарынқол өңірінен білімді, ақылды, дана азаматтар шықсын. Тек қана Алланың назарында болсын. Біз сияқты жаңа кен орындары ашылып, жұмыс көзі көбейсін. Халықтың көкірек көзі ашылып, ата-бабамыздың өсиетімен өскен еліміздің қадір-қасиетін бойымыздан жоғалтпайық. 70 жыл бөлек тәрбие алдық қой. Қазақ халқының даналығы қайтып келеді деп сенемін. Өйткені, алдымыздағы ағаларымыздың көзқарасы өте дұрыс. Осы аймақты берекелі өңірдің біріне айналсын деп тілеймін.

                                                                 Сұхбаттасқан: Маржан СӘБЕТ

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here