Ботабекова Ләззат Қайсарқызы: Әр үйге жылу сыйлау үшін қызмет етеміз

0
1009

Жер жәннаты Жетісудың шұрайлы мекені — киелі Хантәңірінің етегі теңіз деңгейінен шамамен 2000 метр биіктікте жатыр. Алматы облысының таулы аумағы болғандықтан жазы салқын, қысы қатал. Десе де, өңір тұрғындары қыстай алыстан көмір іздеп сабылмайды. Ауданда Ойқарағай көмір кен орны жұмыс істеп тұр. Кен орны 1931 жылы ашылды, ал барлау жұмыстары 1943-48 жылдары  жүргізілген. Бүгінде аудан игілігіне айналған Ойқарағай көмір кенін «Бүркіт» Отын-энергетикалық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп отыр. Әңгімемізге арқау болған кен орнының бүгінгі тыныс-тіршілігін, көмірдің биылғы жылғы бағасын білу мақсатында «Бүркіт» компаниясының атқарушы директоры Ботабекова Ләззат Қайсарқызымен әңгімелескен едік.

— Ләззат Қайсарқызы, кен орнындағы жұмыс қалай жүріп жатыр? Әрине, халықты ең алдымен көмірдің бағасы алаңдатып отыр. Осы жөнінде сіздің пікіріңізді білгіміз келеді…

— Кен орнында қазір қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Барлығы да инемен құдық қазғандай атқарылатын жұмыс. Біз өзіміздің мемлекет алдында алған шарттарымызды орындауымыз керек. Негізі Ойқарағай кен орнының мақсаты Райымбек Кеген аудандарының халқын көмірмен қамтамасыз ету. Әрине, тиімді бағамен… Биылғы бағамыз — 7 500 тг. Барлық кен орындарының бағаларын салыстырып, сұраныс жүргіздік.  Басқа кен орындарында көмірдің тоннасы — 14 000 тг. Жаңалықтардан да көрсетіп жатыр. Біз ондай баға қоя алмаймыз. Себебі, біздің өзіміздің өңірдің азаматтарының сатып алу мүмкіндігі ондай бағаға келмейді. Біздің алға қойған мақсатымыз қыстан аман-есен шығу болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер, біздің жақтың қысы қатты. Сондықтан, әр үйге жылу сыйлағымыз келеді.

Биыл көмір кенінің басына екі жаңа техника алдық. Ауыр техника бізге өте қымбатқа түсіп кетті. Сонда да шартта көрсетілгендей, біз ескі техниканы қатардан сызып, орнына жаңа техника алуға міндеттіміз. Кен барған сайын тереңдеп бара жатыр. Ол тереңдеген сайын біз де жаңа техника алып, өндіріс орнын жаңартуымыз керек. Екіншіден, қыстай тұратын жұмыскерлердің жағдайын ойлап, жатақханамыздың сыртын жылыладық. Бізде сол екі жатақхананы жылытатын орталықтандырылған жылу ошағы бар. Сол жылу ошағын биыл жаңасына ауыстырдық. Сөйтіп екі жатақханамыздың іші-сыртын қаптап, ақтап-сырлап жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жұмысшылардың үстіне киетін арнайы киімдері мен аяқ киімдері жыл сайын ауыстырылып отырады. Олардың барлығы мемлекеттік стандарттарға сәйкес. Сондықтан да біз сол мәселелерді жіті қадағалаймыз. Қызметкерлердің денсаулығына да көп көңіл бөлеміз. Әрбір жарты жыл сайын барып, аудан орталығындағы емханадан денсаулықтарын тексеріп, қан тапсыртып, өкпелерін рентген сәулесіне түсіруін қадағалаймыз. Себебі тәні саудың – жаны сау. Адамның ойлау қабілетіне де, өмір сүру сапасына да әсер ететін — оның денсаулығы. Дені сау адам сапалы жұмыс атқарады.

 

— Өздеріңізге жүктелген жауапкершілік те ауыр… Мемлекет тарапынан қойылған шарттарды қаншалықты орындап отырсыздар?

Әр ортада кертартпа, сенің жұмысыңды жоққа шығарғысы келетіндер кездеседі. «Ол біздің өзіміздің жеріміздің байлығы», — деген сияқты пікірлерін айтып, наразылықтарын білдіреді. Иә, біздің Қазақстанның жер қойнауы тұнып тұрған байлық. Сол жер байлығын меңгеру керек. Ол үшін сол мамандық бойынша білім алып, біліктілігіңді арттырған жөн. Шыдам мен ізденістің арқасында келетін жұмыс. Ол мемлекеттің қарауындағы дүние. Тіпті, жер астынан бұрғылап шығарған судың өзі мемлекеттің байлығына жатады. Әрбір шыққан суға дейін үкіметтің алдында есеп береді. Біз тіптен жауаптымыз. Жерден шыққан көмір, мұнай Қазақстанның байлығы. Ол байлық тегінннен-тегін беріле салмайды, белгілі бір шарттар қойылады. Сіз мемлекеттің алдында сапалы жұмыс істейтініңізді, соны меңгеретініңізді, ойыңыз бен дәрежеңіздің жететінін дәлелдегенде ғана үкімет сол шарттарды бекітеді. Ол шарттың ішінде 100-ге тарта бөлім бар, сол бойынша жұмыс істеп, барлығын орындауға міндеттісіз. Шартта бірінші, жер байлығын үнемді, халыққа пайда келтіретіндей етіп өндіремін деп көрсетесіз. Екіншіден, айналадағы табиғатқа зиян келтірмеймін дейсіз. Үшіншіден, сол жердегі тұрғындардың денсаулығына зиян тигізбейтін жұмыс жүргізуіңіз керек. Төртіншіден, сол жерге салық төлейсіз. Бесіншіден, жұмыскерлердің жалақысын уақытымен беруіңіз керек. Алтыншыдан, жұмыскерлердің білімін көтеруге, жұмыс сапасын арттыруға, жаңа техниканы үйренуіне, техника қауіпсіздігін сақтауға сіз жауапкершілік аласыз. Біз барлық талаптар бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Кейде көмірді жерден қазып алу әншейін оңай жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Әрине, көмірді қазып алу айтқанға ғана жеңіл. Қазір біздің қазып алып жатқан көмірдің үстіндегі топырақ қабаты 45-50 метрге айналды. Сондай тереңдіктен 35-40 мың тонна көмір алу үшін, 250 мың текше метр топырақ шығару керек. Ол жеті айға созылады. Кез келген жұмыс өзінің қиыншылығымен қатар жүреді. Ешкімнің жұмысы оңай болып тұрған жоқ. Бірақ, нағыз мамандар келіп сол жұмыстарды атқарса, біздің ауданымыздың қазба байлығы жетерлік. Ауданымызда алтын кені бар. Көмір, алтын кенінен басқа, менің естуім бойынша, цемент шығаратын, әк шығаратын да орындар бар екен. Солардың барлығын игеруге болады ғой. Цемент, кірпіш, әк шығаратын зауыттар көбейсе ел экономикасына, халықтың тұрмысына пайда келтіреді. 

— Мамандар тарту, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып жатыр ма?

— Көмір кенінің басында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтар еңбек етеді. Егер біздің ауданымызда сондай техникаларды жүргізем деген азаматтар бар болса, өздерінің қажетті құжаттарын алып келсе, сол азаматтармен жұмыс істеуге құштармыз. Бірақ біздің ауданнан келейін деп тұрған, кен орнын игерейін деп талпынған, техниканы жүргізетін азаматтар жоқ болып отыр. Егер бар болса, біз құшақ жая қарсы аламыз. Мен осыдан бір жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатымда да сол мәселені айтқанмын. Келіңіздер, егер қолдарыңызда техника жүргізетін құжатыңыз бар болса, сіз техника қауіпсіздігін сақтасаңыз, біздің ішкі тәртібімізге көнсеңіз сізді жұмысқа қабылдауға әзірміз. Қаншама уақыттан бері хабарландырулар беріп жатырмыз. Механикпін, аспазшымын, және де басқада сондай жұмыс істеймін деген азаматтарды да жұмысқа қабылдаймыз. Ешкім келмейді, ешкімнің жұмыс істегісі жоқ. Бізде үш уақыт тамақ тегін, жататын орын тегін. Әрбір он күн сайын жұмыскерлердің жатын орнын жуып, тазаланады, көрпе-жастығы үтіктеледі. Үстіне әр мезгілге байланысты арнайы киім, аяғына арнайы аяқ киім беріледі. Күнде түсетін моншасы бар. Оның барлығы тегін. Ай сайын өзінің жалақысын алып отырады. Техника қауіпсіздігін міндетті түрде сақтайды. Уақытысында тұрып жұмысына барып, уақытысында демалатын бөлмесіне жіберіледі. Тіпті, айдайтын техникаларының ішіне кондиционерлер орнатылған. Жаңа техникалар бұрынғыдай ауыр емес. Осындай жағдайлар ұйымдастырсақ та түсіне алмадым. Біздің ауданның адамдарына жұмыс керегі жоқ. Бәрінің жұмысы бар болып шықты. Сондықтан да бізге Қостанайдан, Қарағандыдан, Кентаудан келіп жұмыс атқарып жатқан азаматтар бар.

— Былтыр Алматы облысының өзінде көмір тапшылығы сезіліп, бағасы шарықтады. Соған не себеп болды?

— Былтырғы жылы көмірдің қымбаттаған себебі, әрбір кен орнын жүргізіп отырған иелері бар. Олардан бөлек делдалдар бар. Делдалдар келеді де «мына көмірдің бәленбай мың тоннасына мен бәленбай миллион ақша құяйын» — деп ұсынады. Сол өнімнің бәленбай тоннасын мен сатып алдым, мен оны қандай бағамен сатамын, енді оны өзім білемін, — дейді. Сол алып-сатарлар бағаны шарықтатып, қысылтаяң уақытта пайда тапқылары келеді. Оңтайлы сәтін күткен сияқты болады. Бізге де ондай жігіттердің біразы келген. Бірақ біз оларға сіздермен жұмыс істей алмаймыз деп қайтардық. Біз халықпен тікелей жұмыс істейміз. Халық өзі машинасын жалдап, көмір кенінің басынан басып алып кетеді. Біз ондай делдалдармен жұмыс істеп, ертең елдің алдында ұятқа қалар жайымыз жоқ.

Сіздің де осы өңірдің тумасы екенініңізді білеміз. Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?
— Мен 1961 жылы Текес ауылында дүниеге келдім. Әкем Молдабеков Қайсар Алматы ауылшаруашылық институтын бітіріп, сол жерге жолдамамен жұмыс істеуге келген екен. Негізі әкем өзі Қақпақ ауылының азаматы. Ал анам Нұрқаділова Панаркүл Кеген ауылының тумасы. Екеуі Алматы қаласында студент кездерінде бас қосып, шаңырақ көтерді. Текес ауылына 3-4 жыл жұмыс істегеннен кейін Шәлкөде селосына көшеді. Ол жерде де бас агроном болып жұмыс атқарды. Менің балалық шағым Нарынқол ауданының біраз ауылдарында өтті. Шәлкөдеде 6-7 жасыма дейін тұрдық. Содан Шәлкөдеден кейін Сарыжаз селосына көшіп келдік. Сарыжаз ауылына келген кезде әкем колхоздың бастығының орынбасары болды. Сол жерден мен мектепке бардым. Сарыжаз орта мектебінде 3 жыл оқыдым. Кейін әкемді Нарынқол селосына жұмысына байланысты ауыстырды. Нарынқол орта мектебінің мұғалімдерінен білім алдым. Спортқа, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатынмын. Әкеміздің қызмет бабымен Текес ауылына қайта көшіп келдік. Сол жерден мен 10-сыныпты бітірдім. Менің балалық шағым өте бақытты өтті. Өйткені ата-анам жанымда, бауырларым аман-есен. Біздің кезімізде бос уақыт деген болмайтын. Үй шаруасы бір жағынан, екінщі жағынан қоғамдық жұмыстардың барлығына белсенді араласатынбыз. Міндетті түрде спортқа қатысатынбыз. Ата-ананың айтқан сөзі біз үшін заң еді. Аптасына бір рет киноға жіберетін. Сол кездегі әке-шешемнің қатал тәртібіне әлі күнге дейін басымды иемін. Маған әкем айтатын: «Қайсардың қызы осындай болып жүр екен деген әңгіме шықпасын. Балам, тәртіпті бол, тәрбиелі бол. Елге күлкі болма. Ата-анаңның бетіне дақ салма. Бауырларыңа үлгі бол, осылардың тәрбиесі сенің мойныңда», — дейтін. Мен отбасымызда үйдің үлкенімін, әрі жалғыз қызбын. Сөйткен әкем өмірден ерте кетті. 42 жасында, 1979 жылы мен 10-сыныпта оқып жүргенімде қайтыс болды. 10-сыныпты жақсы аяқтап, Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтының кешкі бөліміне оқуға түстім, күндіз жұмыс істедім. Сол кезде мен 17 жаста едім. Әкем қайтыс болғаннан кейін-ақ менің балалық шағым аяқталды. Мен өзімді өте ересек сезіндім. Ерте есейдім. Анам жұмыс істеді. Отбасымыздың әрі қарай да өмір сүруін, бауырларымыздың жақсы білім алуын қадағаладық. Интернатқа жиі барып, олардың сабағын біліп, мұғалімдеріне жолығып тұратынмын. Сонда анам айтатын: «Қыздың жолы жіңішке. Өзің түзу жүр, ақылды бол. Ертең бауырларың сенің әпкең сондай болып жүр деген әңгіме естімесін», — деп айтатын. Соның барлығы біз үшін үлкен тәрбие болыпты. Өмір өтіп жатыр, жасым 57-ге қарай кетті. Әлі күнге дейін әкем төбеден қарап тұрған сияқты болып сезіледі. Мен сол кісінің көзқарасын үнемі сезіп тұрамын.
Алматыға келіп оқуымды оқып жүрген кезден бастап, менің нағашы ағам, анамның бауыры Нұрқаділов Заманбек Қалабайұлы өміріме өте үлкен әсер берді. Ол кісінің үйінде бір бөлмеге тұтас кітап жиналған, дүниежүзі жазушыларының кітапханасы бар болатын. Сол кітапханадан кітап алып оқы дейтін. Сол жерден әлем әдебиетінің классик жазушыларын тұтас оқып шықтым. Ол кісіден өзіме өте үлкен өнеге алдым. Өйткені, біздің уақытымыз кітап оқып, бір-бірімізбен ой бөлісетін заман болды.

— Әйел адам болғаннан кейін сізге көмір кенін басқару қиын болса да ісіңізді абыроймен атқарып жүрсіз. Іскер әйел ретінде, өз кәсібін бастауға талпынып жүрген қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес бересіз?

— Жақында Іскер әйелдер қауымдастығына мүше болуға шақырды. Содан кейін Астана қаласында съезд болды. Сол жерде жақсы статистикалар айтылды. Қазақстандағы бизнестің 64%-ын жүргізіп отырған әйелдер. Әйелдер сұлулық салондарын, емдеу орталықтарын, мектепке дейінгі балабақша, тігін цехтарын, кішігірім тойханалар, сауда орындарын т.б. ашып, кәсіптерін жүргізіп жатыр. Жиында әйелдердің жауапкершілігі өте жоғары екендігі айтылды. Өйткені несиелерін уақытымен төлейді, қарамағындағы жұмыскерлерге уақытымен жалақы береді, салықтарды да дер кезінде төленуін қадағалайды. Соған қарап мен ойлаймын, біздің қазақтың қыздары өте мықты. Ең басты берер ақыл-кеңесім, табандылық және сіз өзіңіздің бастап отырған ісіңізге қояр талабыңыз. Екіншіден, жасаған ісіңіздің сапасы. Аз нәрсе жасасаңыз да сапалы болғаны дұрыс. Сонда ғана сіз өзіңізді дәлелдеп шығасыз. Тағы бір қояр талабым, іздену керек. Бір істі үйреніп алғаннан кейін,  кәсібіңізді ары қарай жүргізу үшін, тоқтап қалмау керек. Ізденіп, әр саланы жетік меңгеруге тырысыңыз. Мемлекттің қойып отырған талаптарын ескеріп, орындаған жөн. Міндетті түрде барлығы заңға сәйкес болу керек. Сіз Қазақстан кәсіпкерлеріне арналған заңдарды толық меңгеріңіз. Өз білетініңізді халыққа жеткізе біліңіз. Оны жарнамалап үйреніңіз. Бұның барлығы сіздің кәсіби деңгейіңізді көтереді.  Сол кезде сізден нағыз кәсіби іскер маман шығады.

— Қыз тәрбиесі жөнінде қандай ақыл-кеңес айтасыз. Қыздардың шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуы белең алып кетті ғой…

— Менің жеке пікірім, әрине ол адам шетел азаматына ғашық болып, шетел азаматын шын мәнінде адам ретінде сүйіп тұрса, махаббатқа ешнәрсе кесе көлденең келе алмайды. Ол тарихта да дәлелденген. Бірақ егер сіз махаббат деген жоғары ұғымға берілмей, тек қана ақша үшін, не болмаса соның дүниесіне қызығып, тек сондай ғана уақытша нәрселерді ескеріп, күйеуге шығып тұрса, ол үлкен қателік деп санаймын. Бірақ менің айтарым, біздің қазақтың азаматтары кез келген шетел азаматтарынан мың есе артық. Мен өзім тұрмысқа шыққанда Нарынқолдың жігітіне тұрмысқа шықтым. Ешқашан да өкінген емеспін. Мінеки 33 жыл бойы бірге тұрып келе жатырмыз. Екі ұл тәрбиеледік. Біздің жігіттердей жігіт жоқ. Біздің жігіттеріміз ананың да, әйелдің де, қарындастың да қадірін білетін, сол қарындасы үшін, не болмаса өзінің анасы үшін жүрегін жұлып беруге дайын азаматтар. Орыстың бір мақалын қазақша айтайын, «Генералға тұрмысқа шығу үшін, сіз алдымен лейтенатқа күйеуге шығыңыз. Сөйтіп оны генеарл жасуыңыз керек». Ол үшін не істеу керек? Сол ер адамды күтуіңіз керек. Оны сыйлап, қас-қабағына қараңыз. Сонда ғана ол генерал болады. Әйел адамдарға айтарым, барлығына шыдамдылық пен төзімділік керек. Тәрбие мен инабаттылық керек. Оның барлығы отбасынан басталады. Кез келген қыз балада мінез болады. Менде де мінез бар, ағаларыңыздың да мінезі қатал. Бір күні мен ренжіп үйге қайтып келдім. Сонда маған анам айтты: «Айналайын, мен сені тауып қосқан жоқпын ғой. Екеуің өздерің бір-бірлеріңді таптыңдар. Сенің ойың не? Мына інілерің мен келіндеріңнің бетіне салық болайын деп тұрсың ба? Қазір міне сағат үш болды. Кеш батпай үйіңе қайтып бар да, тамағыңды жасап күйеуіңді күтіп отыр. Бетіме –салық, көжеме – қатық болма. Бұдан кейін үйге келмеші», — деді маған. Содан екі баламды жетектеп үйге қайтып кеттім. Таңертең ренжісіп кеткен адаммын, кешкісін күйеуімнің тамағын дайындап, үйде тосып отырдым. Сол кездегі біздің аналарымыздың тәрбиесі өте керемет. Анамның ашуына тиіп, естіген соңғы сөзім сол болды. Мен одан кейін ешқашан қайталаған емеспін. Өзімнің анамды, өзімнің бауырларымды ешқашан  жерге қаратпауға тырыстым. Міне, бір-біріміздің қас-қабағымызға қарап, өмір бойы сыйласып келе жатырмыз. Ата-ененің де қадірін біліңіздер. Қазір өзіміз ата-ене болған кезде, сол кісілердің айтқанын есіме алып, көзіме жас келеді. Кейде ойлаймын сол кезде қателік жасап, ренжітіп алған екенмін ғой деп. Іштей Алладан жалбарынып кешірім сұраймын. Себебі, сіз бірден ата-ене болып тумайсыз. Сіз қыз, әйел адам болып өмірге келесіз. Содан кейін ана боласыз.

— Адам баласының бойынан қандай қасиеттерді бағалайсыз? Және қандай адамдардан бойыңызды аулақ ұстайсыз?

— Мен ең бірінші адамға деген сенімділікті жақсы көремін, адалдықты жақсы көремін, еңбекқорлықты жақсы көремін. Ең жек көретінім сатқындық, екі сөзділік және  жалқау адамдарды аса ұнатпаймын.

Сөз соңында оқырмандарға жылы лебізіңізді білдірсеңіз…
— Қазіргі біздің заманымыз өте жақсы заман. Егер де сен жұмыс істесең ештеңеден тарықпайсың. Тек қана еңбек етсең барлығының болатынына менің көзім жетеді. Егер де еңбек етпесең, сен оған ұмтылмасаң, сен өзіңді-өзің өзгертпесең, сен онда малдан артық емессің ғой. Абай атамыз жазғандай, өзің үшін оттап, өзі үшін су ішкен мал сияқты. Ал адам болғаннан кейін, адам өзгеру керек. Біз басқа біреуді тәрбиелейміз дегенше, бірінші өзімізді тәрбиелейік. Өзімізді-өзіміз тәрбиелеп, үлгі-өнеге көрсетіп, содан кейін ғана, өзіміздің білген тәжірибемізбен бөлісейік. Мен қазір үйде де балаларыма соны істеймін.
Жаңа да айтып кеттім ғой, біздің балалық шағымыз бақытты өткен себебі, біздің алдымызда өте үлкен мақсат болды. Жақсы еңбек етсек барлығына жетеміз деген сеніміміз алға жетеледі. Қазір бос сөзден кетіп, нағыз іске көшкен сияқтымыз. Сен баланың құлағына айта беріп, өзің ештеңе бітірмесең, бала бәрібір ісіңді қайталайды. Сен баланы өзіңнің еңбегіңмен көрсетуің керек. Өзіңнің жеке басыңның тәжірибесін көргенде ғана, бала соны қайталайтын болады. Мен өзімнің ойым бойынша қазақтың балалары намысқа тырысатын, арлы, сөзге тоқтайтын балалар. Оны қазақы өңірдің қасиеті деп білемін.
Қазір ауылға барсам, әкемді көрген адамдар «сен әкеңе ұқсап тұрсың», «көзің әкеңе ұқсап тұр», «әкең осындай жақсы адам еді», «сен Қайсар деген азаматтың қызы едің ғой» деп, маңдайымнан сүйген кезде, менің көзіме жас келеді. Мен әлі күнге дейін әкемнің атына кір келтіргенім жоқ. Мен сол үшін мақтанамын.
Мен еліме қызмет етсем деп жүрген адаммын. Аздаған болса да сол жерге еңбегім сіңсе екен деп жүрген жайым бар. Сондықтан еңбегіміз жансын. Біздің еңбегіміз дұрыс келді ме, келмеді ме халық біледі. Бұрыннан кен орнын көріп жүрген азаматтар бізге келіп: «Біз бұрын бұл жерді талай рет келіп көрген едік, мына жердің барлығы шашылып жататын, мына жатақхана қирап тұрған еді. Бұның ішінде бәленбай мас адамдар сандалып жүретін. Мына жатақхана қалай өзгерген. Мына жердің жұмысы тәртіпке келіпті», — деген сияқты жақсы сөздер айтып кетеді. Біз соған қуанып қаламыз. Жақсы сөз жарым ырыс. Бір-бірімізге жақсы ниет-тілегімізді айтып жүрейік. Соның өзі адамның мәртебесін көтереді.
Ал енді «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық ұйымы, ұжымы өзінің алға қойған мақсаттарын жақсы орындап келе жатыр. Мен оған қосыламын. «Ұлағатты Ұрпақ» бізге керек бастама. Істеріңіз ілгері бассын. Біз әрқашан да тілектеспіз. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне біз де үлес қосамыз. Міне қазір біз көмірдің бетін аршып, жұмысымызды жүргізіп жатырмыз. Ол осы алдымыздағы қазан айының аяғына дейін әлі жүреді. Ал ауылдағы оқушылардан келіп, экскурция жасауға, көруге келеміз десе, біз оған қарсы емеспіз. Бір-бірімізге деген мейіріміміз жоғалмасын. Жүрегіміздегі жылу сөнбесін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!
Әңгімеңізге рақмет. Істеріңізге береке тілейміз!


Маржан СӘБЕТ

Мен еліме қызмет етсем деп жүрген адаммын. Аздаған болса да сол жерге еңбегім сіңсе екен деп жүрген жайым бар. Сондықтан еңбегіміз жансын. Біздің еңбегіміз дұрыс келді ме, келмеді ме халық біледі. Бұрыннан кен орнын көріп жүрген азаматтар бізге келіп: «Біз бұрын бұл жерді талай рет келіп көрген едік, мына жердің барлығы шашылып жататын, мына жатақхана қирап тұрған еді. Бұның ішінде бәленбай мас адамдар сандалып жүретін. Мына жатақхана қалай өзгерген. Мына жердің жұмысы тәртіпке келіпті», — деген сияқты жақсы сөздер айтып кетеді. Біз соған қуанып қаламыз. Жақсы сөз жарым ырыс. Бір-бірімізге жақсы ниет-тілегімізді айтып жүрейік. Соның өзі адамның мәртебесін көтереді.

Ал енді «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық ұйымы, ұжымы өзінің алға қойған мақсаттарын жақсы орындап келе жатыр. Мен оған қосыламын. «Ұлағатты Ұрпақ» бізге керек бастама. Істеріңіз ілгері бассын. Біз әрқашан да тілектеспіз. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне біз де үлес қосамыз. Міне қазір біз көмірдің бетін аршып, жұмысымызды жүргізіп жатырмыз. Ол осы алдымыздағы қазан айының аяғына дейін әлі жүреді. Ал ауылдағы оқушылардан келіп, экскурция жасауға, көруге келеміз десе, біз оған қарсы емеспіз. Бір-бірімізге деген мейіріміміз жоғалмасын. Жүрегіміздегі жылу сөнбесін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!

— Әңгімеңізге рахмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here