Құт сыйлаған қасиетті мереке

0
680

Қасиетті Құрбан айт мерекесі Сарыбастау ауылында осымен 6 жыл қатарынан жоғары деңгейде тойланып келеді. Дәстүрге айналған бастаманы бүгінде ауыл азаматтары асқан жауапкершілікпен қолға алып, абыроймен өткізуге тырысады. Оның нәтижесі де жоқ емес.

Ауызбіршілік, ауылдастар арасындағы татулық пен береке өзгелерге үлгі болып келеді. «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық қорының аядай ғана ауылдан басталған бастамалары аудан деңгейіне шығып, ауқымы кеңеюде.

Биылғы Құрбан айт мерекесіне орай Сарыбастау ауылының 1983 жылғы азаматтары дәстүрлі шараларды жалғастырды. Айттан бір күн бұрын аудандық деңгейде «Үлгілі отбасы» рухани байқауы, аудандық түйе палуан жарысы және волейболдан турнир өткізілді. Айттың алғашқы күні отбасылық спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары Құрбан айт мерекесіне жайылған ақ дастарханнан дәм татты. Сонымен қатар, ең айтулы шаралардың бірі «Құрбан айт – 2018» марафоны дәл осы күні өтті. Мамыражай күй кешіп жатқан аядай ғана Сарыбастау ауылына жан-жақтан жарысқа қатысуға ниет білдірген қатысушылар ағылып келіп жатты. Марафонда 10 км, 20 км қашықтықтар бойынша 200-ге жуық адам бақ сынады.

Марафонға қатысушылардың ең жасы 16 жаста болса, ең үлкені 57 жаста. Байқаудың басты мақсаты, жүлде алу емес, салауатты өмір салтын насихаттап, ішкі туризмді дамыту.  Теңдесі жоқ табиғатымен талайларды тамсандырған, теңіз деңгейінен 2000 м биіктікте жатқан өңірде өткен марафон жарысы көпшіліктің көңілінен шықты. 10 және 20 шақырым қашықтықтарға жүгіріп, мәреге алғаш жеткен 5 қатысушыға ақшалай сыйлықтар берілді. Ал жасы үлкен қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Қатысушылар арасында марафонға қатысқан қыз балаға ерекше құрмет көрсетілді.

Құрбан айт марафонына қатысушылар арасында Нарынқол, Сарыжаз, Жамбыл, Кеген, Қызылшекара ауылдарынан және Алматы, Талдықорған қалаларынан келген жүйріктер оқ бойы озық болды. Жарыстың нәтижесі төмендегідей:

20 км қашықтық бойынша

1-орын Мошқа Айыпжан Бауыржанұлы (Нарынқол)

2-орын Шолтаев Арсен (Алматы)      

3-орын Қайыров Санат (Нарынқол)

4-орын Шаяхметов Данияр (Талдықорған)

5-орын Разуанов Досым (Жамбыл ауылы)

 

10 км қашықтық бойынша

1-орын Байгоджаев Балғын (Қызылшекара)

2-орын Күнесбай Дидар (Сарыжаз)

3-орын Серікжанұлы Марлен ( Сарыжаз)

3-орын Арубаев Жандос (Кеген)

4-орын Рысбек Медеу (Сарыбастау)

5-орын Ырғызбек Данияр (Жамбыл ауылы)

 

Айтулы шараның қадірлі қонақтары Бекжан Тұрыс, Ботабекова Ләззат, Айгүл Болатханқызы, Мәди Манатбек жарысқа қатысушыларға қолдау көрсетті. Келер жылы ауданымызда өтетін «Хантәңірі» марафонына дайындық болған «Құрбан айт – 2018» марафонына «Бүркіт» Ойқарағай көмір кен орны, «AB-LTD» компаниясы, «Марум Жар Голд» жарқұлақ алтын кені,  Abyroikz.kz ұлттық киімдер мен сувенирлер дүкені, «EVO» аяқ киімдер дүкені демеушілік етті.

Марафонда салауатты өмір салтын ұстанатын, спортпен айналысатын белсенді азаматтар бабын шыңдайды.  Бұл күні жанкүйерлер де марафоншыларды барынша қолдап, ауыл ажарын келтірді. Жарыстың дәл ортасында толассыз жауған жауын-шашынға қарамастан жігерлі рухпен жарыс жолында табандылық танытқан қатысушыларға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

Бұл игі істің бастамасы ғана. Келер жылы өтетін облыстық «Хантәңірі» марафонына туған жеріне шынайы жанашырлық танытып, туып-өскен өлкесінің көркеюіне үлес қосар нағыз азаматтардың қатысатынына сеніміз мол.

Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шаралар тізбегі мерекелік рухани кешке ұласты. 1983жылғы азаматтардың ұйымдастыруымен көптің көкейіне ой салатын тәрбиелік мәні зор кеш болып өтті. Құрбан айт мерекесін келер жылы өткізу кезегі 1984 жылғы азаматтарға берілді. 

Әр жақсылықтың жаршысы болуды насихаттап жүрген «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық қорының басты мақсаты да ұлтына шынайы жанашыр ұрпақ тәрбиелеу. 

 

Маржан Сәбет

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here