Жолсапар күнделігінен

0
909

«БАРҒАНЫҢ ЖӨН…» 

«Хантәңірді» бұлт тұмшалап немесе қалың тұман жиі «құшағына» алатындықтан жолаушылап барған көп адам оны көре алмайды. Тура біздің Мұзтау сияқты. «Жүрегі ақ, жаны таза, пейілі түзу, ниеті дұрыс адамдарға ғана жарқ етіп көрінеді Мұзтау». Әлібек ағаның Мұзтау жайлы шығармасында осы сыңайда жазылған сөйлем бар еді, Нарынқол жаққа алғаш барып Хантәңірді көрмей қалғанда сол есіме түсіп қатты жабырқағам. Хантәңірді көруге лайық адам еместей сезінгем өзімді. Ешкімге ұқсауға міндетті емес таным-түсінігім бойынша жан-дүнием әлі тазармаған, әлі де рухани жетілмеген, ниет-пейілім әлі түзелмеген адам ретінде өзімді осындай тылсымға сендіріп те тастағам сол сәтте. «Хантәңірді көре алмаған адамға, демек, тағы да осы жаққа жол түседі». Жәнібектің айтқанына елең ете қалғаныммен әлгі ойымның шырмауында шырмалып, шыңыруға түсіп кеткендей болғам. «Бір барған жеріңе жылтыңдап қайта барма. Өзіңді қадірлейтін адамдардың арасына қайта-қайта барудың қажеті жоқ, сағындырып, сағынып барғанға не жетсін», — деп отыратын апамның сөзін санаға сіңіріп тастағаным бар, десе де: «Дәм тартса, дәм бұйырса, ғұмыр болса, әйтеуір, бір тағы да жол түсер», — деп өз көңілімді өзім жұбатқанмын сол жолы.

…Өскеменнен бері шыққанда апам хабарласты. «Жәнібек, екі билет әкелді. Құрбан айт мерекесіне қатысты ауылдарында марафон өтеді екен, түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Қонақ ретінде шақырып отыр. Бұған бару керек. Өзің білесің, үлкен шаңыраққа айттап келетіндер бар, мен бара алмаймын. Жігіттердің ауылына істеп жатқан игі істеріне көңіліміз толып қуанып едік өткенде барғанда, сырттай тілекшіміз, жұмыстарын үнемі айтып отыратынымды да естіп жүрсің. Екі-үш күнде демалып үлгересің ғой, барғаның жөн», — деген апамды үнсіз тыңдадым да қойдым. Шынымды айтсам, Сарыбастауға тағы баратыныма біртүрлі сенімсіз болдым әрі іштей дайын емес едім. 

…Автобус терезесінен шеті мен шегі көрінбейтін далаға көз салып отырып Хантәңірді ойладым. Оның жарқырап көрінбегеніне өзімді әлі кінәлі сезініп жүргенімді, соның әсерінен шыға алмағанымды апама қалай түсіндірсем екен… Ештеңені жасырмай, барлығын еркін айтатын басым Зейнеп апамнан екі сырымды бүгіппін. Екеуі де жүрегімнің түкпірінде қалып келеді…

МЕШІТІНДЕ ТІРШІЛІК ҚАЙНАҒАН АУЫЛ 

Бұл ауылдың мешітінің есігі жабылмайды. Оған бірінші жолы келгенімде көзім жеткен. Бұл ауылдың балалары мейірімді де, имандылықты да, жанашырлықты да, жақсылықты да кішкентайынан табиғи түрде сіңіріп һәм қабылдап өсіп келе жатыр.

Бұл ауылда интернет жоқ. Әлгі дамыған пәлен елдің қатарына ену үшін осы интернет деген құдірет өміріңмен тығыз байланысты болса ғана өркениетке жететіндей көрінетін «түсінікке» бұл ауылдың балалары аса бас қатыра қоймайтын сияқты. Есесіне, кез келген ұл мен қызды тоқтатып, Абай мен Мұқағалидің өлеңдерін сұрашы, таңдайы тақылдап тұрып жатқа айтып береді. Бір өлең ғана емес, ең азы 20 өлең оқымаса, маған кел және тек жалықпай тыңдай біл. Тілі шыққаннан өлең жаттап өскен баланың жаман болып өспейтінін де мойындайықшы…

Екінші рет жол түскенде байқағаным осы ауылда Құрбан айт мерекесі де ерекше аталып өткізіледі екен. Биылғы мерекеде марафон ұйымдастырылыпты. 130 желаяқтың 10, 20 шақырым қашықтыққа жүгіретінін естігенде қалыпты жағдайдай қабылдадым. Ал марафоншылардың (10 шақ. — 2 айналым, 20 шақ. — 4 айналым) артынан ілескен медицина мамандары бар жедел жәрдем көлігі ергенде, жүгіру аймағында тәртіп сақшылары мен еріктілердің жұмыс істеп жатқанын білгенде таңғалғаным рас! Ұйымдастырушылар осындай әрбір нәрсеге айрықша көңіл бөлуге міндетті десек те, қатысушыларға ерекше жанашырлық пен мейірімділік танытқаны үлкен қамқорлық қой, мұсылманшылық деген осы емес пе әрбірден соң. Сүйсінесің бе — сүйсінесің, қызығасың ба — қызығасың!

Маңдайынан күн сүйіп, кекілін жел тарап, табаны жер сезіп өскен ауыл баласына жүгіру деген не тәйірі!? Делебесі қозған бәйге атындай кетті дейсің! Жастарының жігерін жасытпай, керісінше оларды қолдап, бір жағынан, өздерінің бала күндерін аңсап дегендей, үлкені де қалыспаған жарыс болды бұл. Ол, ол ма, осындай игі істің басы-қасында жүрген ауылдың жанашыр азаматтары — Айдос Бақытжанұлы мен Айдар Советұлының, Астанадан арнайы қонақ болып келген әрі әріптес, әрі таныс Мәди Манатбектің осы марафонға қатысқандары да қатысушыларға үлкен демеу болды. Неге екенін, осыны көргенде «Балам» дейтін жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан болсын» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі ойыма орала берді…

***

Марафонға дейін ертеңгілікте Құрбан шалынып, мешіт іргесіндегі асханада ауыл адамдары жиналып, Айт дастарқанында бас қосты. Тілек айтылды, бата берілді. Қазақтың өзге ұлттан айырмашылығы -дастарқаннан аттамайтыны, дәм-тұзды ерекше қадірлейтіні, көңіл мен дәмді қатар сыйлайтыны. Қазақтың өзге ұлттан ерекшелігі — бір дастарқаннан дәм татқан соң біріне-бірі бауыр болатыны, тілекшіге айналатыны. Қазақтың өзге ұлттан өзгешелігі — бір дастарқаннан дәм татқан соң біріне-бірі жамандық жасамақ түгілі, бір-бірі жайлы жаман ойлауға қақы жоқтығы, соны сезінуі! Қазақтың өзге ұлттан тағы бір ерекшелігі — асын ешқашан қорлатпайтыны! Асын қорлап, дастарқанын аттап көрші қазақтың, бір-ақ ауыз сөз: «Дәм-тұзым атсын сені!»- дегенді оп-оңай естіп, жының демде басылады. «Басы — елге, аяғы жерге сыймай жүрген» (З.А) есерсоқ біреу болмаса, қазақ еш уақытта дәмнен аттамайды. Қазақ дастарқаны ғана ешқандай университет оқытпайтын дала заңына бағындыра отырып, телегей теңіздей білім бере алады! Қазақтың дастарқаны ғана барлығының ым-жымын білдірмей біріктіріп жібере алатын қасиетке ие! Қазақтың көл-көсір дастарқанында ғана бітпейтін береке бар. Сарыбастаудың адамдарының тайлы-таяғын қалдырмай қуанышта да, қайғыда да біріктіріп отыратын осындай дастарқанында қазақтың киесі бар, ынтымағы мен бірлігі бар, ырысы мен берекесі бар. Сенбесеңіз қайта ашылып жатқан Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылына арнайы ат басын бұрыңыз! Аузы дуалы ақсақалы, жанары мейірімге толы әжесі, қорған болар ағасы, жылылық сыйлар жеңгесі, соның бәрін көріп өсіп келе жатқан ұл-қызы жөн сұрап, маңдайыңыздан сүйіп, дастарқанына жетелейді. Қасиетті Құрбан айттың сол дастарқаннан дәм ала отырып апамнан үнемі еститін «жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» деген сөзінің бұл ауылдың асыр сап ойнап жүрген анау балаларына мүлде қатыссыз екенін білдім, соған сенем де! Өйткені мұнда «балам» дейтін жұрт бар.

ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ

Тоқырау жылдарында еркек — қазаншы, әйел базаршы болды. Ел — ерге, ер жерге қараған сол кезеңде тұтас бір буынды жоғалтып алдық. Ортадағы сол жоғалған ұрпақтың «көз алдына тек ақшаның нөмірі ғана елестеп»(З.А), тек байлықты көксейді. Тәрбие тізгінін уыстан шығарып жоғалтып алған рухани аш ұрпақтың өкілдері күні кеше Денистің өліміне себеп болған жоқ па, мұны несіне жасырамыз? Сол жоғалтқан ұрпақтың біразының өзегі — солқылдақ, рухы әлсіз болғандықтан да шаңырақтарын шайқалтып жүр. Сол жоғалтқан ұрпақтың өкіліне ұлттық құндылығың да, ұлттық ерекшелігің де — бес тиын. Аяғының астындағын басып-жаншып, жолындағысын қағып-соғып итеріп, қайтсе де мансаптың баспалдағына табан тіреп жоғарыға ұмтылу, қандай да болсын атақ-марапат алу, танымал болу, не болса да бір майлы орынға жайғасып баю, шіреніп өмір сүру — әлгі айтып отырған жоғалған буынның бір бөлігіне осындайлар да жатады. Бұған өзге ұлт емес, дер кезінде ұлттық тәрбиенің тізгінін уысымыздан шығарып алған өзіміз ғана кінәліміз! Соның кесірінен көп нәрсенің салдарымен күресеміз, себебін саралап жатпаймыз да. Не болса да, түбінің қайырын берсін, «уақыт — төреші» деген… Ал одан кейінгі жастар мықты, бәрін білгісі келеді, бәрін білуге құмар, Апамның айтатынындай, тек топ бастар серкелері жоқ, білгісі келетін дүниесін алар жері жоқ. барар жері жоқ. Бұл жерде ұлттық тәрбиеге қатыстыны тілге тиек етіп отырмын. Міне, осы олқылықты толтыруға күш салып жүргендер — «Ұлағатты ұрпақтың» жігіттері. «Туған жерге туыңды тік» дегенді алға тартып, үн-түнсіз еңбек етіп жүрген де — осы жігіттер. Ол жігіттер — аяғын нық басып, табанын туған топыраққа нық тірегендер. Ол жігіттердің тамыры үзілмеген және кіндігі туған топыраққа байланған. Сол себепті де өздері қалада тұрса да, жұмыстары қалада болса да, айына ең жоқ дегенде бір рет барып ауыл балаларына көңіл бөледі, ауыл үлкендерінің жағдайын біліп отырады. Жұмыстарына сүйсінесің, тірліктеріне риза боласың, ауылдастарына қызығып қарайсың.

***

«Ұлағатты ұрпақтықтарға» ешкім арнайы қаулы шығарып, бағдарлама жасап берген жоқ. Ешкім мойындарына салық салып жұмысқа мәжбүрлеп жегіп те жатқан жоқ. Ал жобаларына қарасаң…

Бір жылғы түлектер Наурыз мейрамын ұйымдастырып атап өтуге міндетті, тағы бір жылғылар Құрбан айттағы бүкіл шараларға жауапты, енді бір жылғы түлектерге ауыл тұсындағы саябақ жұмысы — ағаш егу, абаттандыру, көркейту жүктелген. Бір жыл бойы дайындалып, бекітілген жұмысты һәм мерекені абыроймен ұжым болып атқарып біткен соң өзінен кейінгі мектеп түлектеріне эстафетаны табыстау міндеттелген. Бұл да ешбір қаулы-қарарсыз, арнайы бұйрықсыз, зорлап мәжбүрлеусіз жүзеге асып келеді. Қызығасың ба, қызығасың! Сүйсінесің бе, сүйсінесің! Бір сыныптың балалары — бір жылдың түлектері бас қосады, бірінен-бірі қалмауға тырысатыны — өз алдына. Жылдағыдан да жақсы өткізуге ұмтылатыны, ізденетіні… Ғажап қой, ә!!! Жылына үш дүркін әр жылғы түлектердің қыз-қыз қайнаған еңбектері ауылдың мәртебесін көтермей қайтеді? Біз көрген мейрамның аталып өтуіне, марафонды дұрыс өткізуге жауапты 1983 жылғы түлектер, ең алдымен, өмірден өткен сыныптастарына Құран бағыштап, дұға қылды. Түсінген жанға мұнда үлкен мейірім бар. Марқұм болған екі сыныптастың ата-анасының жүректері мейірімге толып, балаларының есімдері ауызға алынып, арнайы Құран бағышталып жатқандықтан жандары жылылыққа толмай ма мұндайда. Имандылық пен мұсылманшылық деген де осы ғой. Игі істердің қорытындысы — Мәдениет үйінде жауапты түлектердің ауыл адамдарына концерт қойып беретіндері… Келесі күнді қайырымдылыққа арнауы… Қормен бірлесіп ауылдағы тұрмысы жүдеу немесе көпбалалы отбасына көмек қолын созу… Мұның бәрі — қыруар еңбек және бұл — басқа, өзіне бекітілген қызметті істеп, сонысына айлық алып, сөйте тұра ұлтқа қызмет етіп жатырмын деп кеуде қағатындарға мүлде тосын, тың һәм ақысыз жаңа қызмет түрі, яғни нағыз ұлтқа қызмет ету. Ешкімнің бұйрығынсыз туған ауылына жақсылық жасау. Бұл жігіттердің ең алғашқы «ұранын» кездейсоқ естідім — «200 теңге тапсақ, 50 теңгесі — ауылға!» Сүйсіндің бе, оқырман? Қызықтың ба? Бұл — бірдің емес, мыңның тірлігі, ердің емес, елдің ұйымшылдығы бар мұнда. Ендеше, олардың топ бастар серкелері — игілікті істің басы-қасында жүрген жігіттер аман болсын! Жігіттерге әр жолы ауылдың ата-әжелері, аға-жеңгелері ризашылықтарын білдіреді, баталарын береді. Әр жолы! Ал үнемі бата алып, алғыс арқалаған адамның жаман болуға қақысы да жоқ…

ҚОҚЫСТЫ ДА ЖИНАП ЖҮРЕЙІК

Ертеңгілікте шай ішіп отырғанда самбырлап бір апай келді. Танымағандықтан сәлемдескен соң өзіммен-өзім болып отыра бердім. Сөйтсем ол кісі Заманбек Нұрқаділов ағамыздың туған жиені Ләззат апай болып шықты. Осы шараның демеушісі, сондай-ақ «Ұлағатты ұрпақ» қорының жұмысына жанашырлық танытып келе жатқаны тағы бар. Ұққаным — Ойқарағайдағы көмір кенішінде басшылық қызмет істейді. Апай өте қарапайым кісі екен.

-Жұмыстарыңа көңілім толады. Бірінші рет кеп тұрмын ғой, бәрі жақсы екен. Бірақ енді тазалыққа да көңіл бөлсек. Мына пластик бөтелке мен целлофан мешоктар ауылдан асып, таудың арасына да жетті. Не шірімейді, не құрымайды бұл. Көрген ел қызығатын жеріміз қоқысқа толса не болды? Осыны да қолға алу керек…

Жайлап қана апай жаққа көз сап қоямын. Иманды болғыр Заманбек ағаны жүзбе-жүз көрмегем, бірақ ол кісінің жұмысы жайлы оқыдым, естідім, қалай сөйлейтінін теледидардан көрдім дегендей. Апам ол кісімен бір мектепте оқыған, Тасжарған деп атағанын айтып отырады. Қан деген қандай, Ләззат апай да Заманбек аға секілді сөйлеп отыр. Әлгі әйтеуір айту керек, әйтеуір сөйлей салу керек деп емес, сол өңірдің адамы ретінде шын жанашырлық танытып, туған топырағына жаны ашып айтып отыр.

Марафон аяқталып, жүлде таратылып, марапаттау берілген соң ақ дастарқан басымызды қайта біріктірген. Бұл жолы да — сол, дәмнің соңы ой салар салмақты әңгімеге ұласқан…

-Менде қазір жасы 40-тан асқандар істеп жатыр. Маман тапшы. Жастар жұмыс істегісі келмейді. Маған электрик жетіспейді. Қазір істеп жатқан электрик — нағыз өз ісінің маманы. Ара-тұра ащы судан ұрттағанына ренжіп жұмыстан шығарып жіберсем, артынша қайтадан жұмысқа шақыратын өзім. Өйткені ондай маман жоқ. Геолог жетіспейді. Аспаз да керек. Айлық уақтылы беріледі, үш мезгіл тамағы бар, жататын орны бар, бірақ жастар келгісі келмейді.

-Жоғары сыныптың оқушыларын Ойқарағайға — кен орнына апарып жұмыстарыңызды көрсетсек қайтеді, бола ма, апай? Мамандық таңдауда ойланар, қызығар…

Айдардан осыны естігенде, шынымды айтайын, Сарыбастаудың оқушысы болғым кеп кетті.

— Неге болмайды, әкеліңдер! Көрсін! Көрсетейік! Біз қашанғы жүреміз осы жұмыста? Басқа жақтың емес, өз ауылымыздың қыз-жігіті кеп жұмыс істесе, несі жаман?

Апайдың бұлталақтамай — нақты, сырғақтатпай, кесіп сөйлейтінінен тағы да Заманбек ағаның өзін көргендей әсерде отырдым.

-Айтып отырғаныңыз дұрыс, апай! Таяуда оқу бітірген осы өзіміздің өңірдің балаларының жұмыссыз жүргенін білдім. Диплом бар, ЖОО бітірген. Бірақ мамандықтары бойынша жұмыс жоқ мұнда. Өйткені бізде теңіз жоқ қой, — деп жатыр Айдос та.

Ұққаным, тілге тиек етіп отырған балалар — теңізге қатысты мамандық иесі (оқу орны мен факультетті есіме сақтай алмадым). Нарынқолдың жастарының салып ұрып Ақтау, Атырауға бармасы анық. Балқаштың маңынан да жұмыс табылмайтын болар. Теңіз, мұxит көріп өспеген балалар, әйтеуір, студент жетпей жатқан соң барды да, оқыды. А-ай, осы әсіреқызылдығымыз-ай! Не болса да, ЖОО-ның дипломы қалтада болуы қажет, қатардан қалмау керек деген түсінік баяғы…

-Апай, биыл бірнеше түлек сіздерге керек мамандыққа түсті, оқып жатқаны бар. Құдай қаласа, 4-5 жылда жас мамандар келеді өзімізге,- деген Айдосқа қара-а-ап қаппын.

Өз ауылының қай баласы қай оқу орнында оқып жатыр, неше бала «Алтын белгіге» үміткер, қайсысының спорттан жетістігі жақсы — бәрінен xабардар, бәрін білетінге ұқсайды. «Жұмыс істеп жатырмыз»,- деп кеуде қағамыз иә… Бірдеңені қиратып тастағандай мерекелік шара өткізетініміз тағы бар. Шындап келгенде сол қисапсыз мерекелік шаралар жұмыс па екен? Мерекелік шара деген жұмыс нақты істелініп, нәтижесі көрініп, жемісін берген соң, елге пайдасы тиген соң, соның қорытындысы іспетті өткізілетін науқанның соңғы «нүктесі» емес пе… Ал біз…

Ұлтқа қызмет етіп жүрміз бе? Сұрақты өзіме қойғаным сол маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Бірақ бұл — еңбектің тері емес, сұп-суық тер.

ҮЗІК…ҮЗІК… 

Әдетте, жасырары жоқ, біздің имамдардың көбі не ештеңені қарық қылып түсіндіре алмайды, не біржақты лағып (кешіріңіз), ХХІ ғасырда тұрып жатқан қазақты орта ғасырға апарып тастағысы келеді. Өткенде бір астағы уағызда: «Өлім мен ауру сынақ, қабылдау керек»,- деді.

Келісем әрі қабылдамай қайда қашпақсың? Әрі қарай: «Ол да кім көрінгеннің басына түспей, құдайдың сүйген құлына келеді. Бір ай бойы жұмысың жақсы жүріп, өзің ауырмай-сырқамай, айналаң да аман, уайымың жоқ болса, бұдан қорқу керек»,- деген сыңайда кетті дейсің… Ау, сонда мен құдайдың сүйген құлы болу үшін кешке дейін тәніме ауру сұрап, аяулыларыма өлім тілеуім керек пе? Неткен топас түсінік, әлде ет-жақынын жоғалтып, басы — қаралы, жүрегі жаралы адамды жұбатудың «жаңаша» түрі ме бұл? Қош делік, ал бейқам өміріме неге қорқуым керек? Айналам аман, жаным тыныштықта болса, өзімнің ақ пейілім мен таза ниетімнен құдай қуантып жүрген шығар. Ендеше: «Бақыт сыйлар әр сәтіңе тәубе қылып, шүкіршілік ет, көл-көсір қуаныш сыйлаған алланы ұмытпа, мүмкіндігіңше айналаңдағы жоқ-жітікке қолғабыс қыл, садақа беріп жүр. Сауапты іс жаса!»- деп неге айтпайды? Ең болмаса, ер-азаматқа жаназада тұрғанда бастарыңа тақия киіңдер, әйел атаулыға қаралы жерге барғанда шалбарланбай жүріңдер деген сияқты қарапайым нәрсені қайта-қайта айтып неге сіңірмейді? Мойындау керек, біздің кей имамдарға білім жетіспейді, ойын ашық һәм нанымды етіп әдемілеп жеткізе алмайды, айналасындағыларды ұйытып тыңдата білмейді. Сөздік қоры жұтаң, тіл «жоқ». Кітап оқымайтын адам айналасын тамсантып сөйлей алушы ма еді? Жә, бұл — басқа тақырып.

Ал Сарыбастау мешітінің имамынан мен мұндайдың бірін де байқамадым. «Қайтсең де осыны қыл» деген уағыз жоқ. Салған жерден базбіреулер секілді жұмақ жақты сөз қылып, тірі жүргенің үшін қорқып немесе қысылып ыңғайсыз жағдайға түсетіндей күйге қалдырмайды. Бәрі орынымен. Тіршілігіңді тоқтатпа, құлшылығыңды ұмытпа дегенді тек сөзбен емес, істеп жатқан ісімен ұқтыратын имам. Апамның «тәрбие айтудан емес, көрсетуден сіңеді» дейтініндей.

Азамат имам қай іс болсын адамды кездейсоқ кесірден сақтауын алладан тілеп алдымен дұға бағыштады, ауылдың үлкені қазақ жолымен — ата дәстүрмен бата берді. Имамды марафоншылардың қасынан да, кешкісін концерттен де көрдім. «Музыка — xарам, домбыра — шайтанның аспабы», — деп діннің атын жамылып исламды қаралап жүрген толып жатқан «ұстаздың» ешқайсысына ұқсамай-ақ мешітке бас сұққанды сүттей ірітіп емес, айрандай ұйытып ұстап отыр. Жұрт имамына сеніп, Азамат еліне арқа сүйеп ауыл берекесінің қорғаны, ел ынтымағының күзетшісі болып жүр. Сүйсінемісің — сүйсінесің, қызығамысың — қызығасың!

***

— Әр іс-шараны өткізіп болған соң өзіміз бас қосқанда жіберген қателіктеріміз бен кемшіліктеріміз жайлы сөз қозғаймыз, неден кетті, қалай болды, кім жауапты еді, соны анықтаймыз. Тың идея да осыдан туады. Өзара бәрін талқылап, өзіміздің жұмысымызға есеп береміз. Құрбан айттың жөні бөлек қой, сіздер кеткен соң оны-мұныны жинастырып дегендей…

Ертеңгілікте құрбандық шалдым. Өздеріңізге, ел-жұртқа қызмет көрсетіп, ас-су әзірлеп, дастарқан жасап жүрген ағаларымыз, апайларымыз бен қарындастарымыз бар, мешіт қызметкерлері бар, ешқайсысын ренжітпеу керек қой.

Жігіттердің бірінен естідім мұны.

Ұққан басшыға бұл да — өнеге!

***

— Тракторист, экскаваторшы керек бізге десең, үрке қарайтындар жетеді. Көз алдына үсті-басы қарамайға батқан адам елестейтін болса керек. Солай. Әй, сен алдымен келіп көрші! Бүгінгі трактор — басқа, ішінде кондиционері бар, жазда соның рақатын көресің. Қыста пеші бар жылытатын. Ыңғайлы. Тек өзіңе сеніп тапсырған теxниканы таза ұста, күт! Сонымен наныңды тауып, отбасыңды асырайсың ғой. Қазіргі теxниканы бұрынғының ескісімен салыстырма, бәрі өзгерген бүгінде.

Мешітке жылда тегін көмірін беріп қытымыр қыста жамағатқа жылу сыйлап отырған Ләззат апай осылай дейді. Көпке күйе жақпаймын, бірақ қаладағы кей жігіт тракторды менсінбей, тәшке сүйрегеніне арланбай һәм намыстанбай пәтерден-пәтерге көшіп, үйсіз-күйсіз жүр. Бас құрау ойына да кірмейді…

***

— Ой, ё мое! Ұйықтап жатыр ғой әлі. Мульфильм көрейін десем…

4 жасар Мирас қой. Мен қонған үйдің еркесі. Тілі тәтті-ақ!

— Ё мое дейсің бе, Мирас, ол не? — дедім сөйлете түскім кеп. Бөлмеге кіргенімді сонда ғана байқаған ол:

— Ё мое! — деп күліп, іле-шала: — Қалжыңдағаным ғой, — деді сөзден тосылмай.

Ауыл баласы осындай! Еркін жүреді! Ең бастысы, тілі жатық, тауып сөйлейді, түсініп айтады. Қала баласынан қалжың алыстағалы қаш-шан… Қабағы қашан көрсең қатулы, қалжыңын тас қабырға жұтып қойған. Ойы жұтаң, сөзі арзан…

Бәрбір қазақтың алтын тамыры — ауылда, берекенің бастауы да — сонда, айтқыштар ауылдан әлі де табылады. Алғыс арқалап жүрген ат үстіндегі алтын көпір азаматтары, топ бастап жүрген серке-жігіттері аман болсын, бастысы!

Айтпақшы, Хантәңір тағы да көрінгісі келмеді… Сірә, руxани таза жан емес шығармын…((

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

(фейсбук парақшасынан алынды)

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here