Майданнан келген хаттар

0
671
Хат

Сарыбастау селолық Советі атқару комитетінің председателі Әбділдә Ақботаевтан «Әкемнің майданнан жазған бірнеше хаты бар» дегенді естігенде, сол хаттарды оқып, танысуға асықтым. Ол кісі Үкі шешейдің үлкен сандығын ақтарып, сия қарындашпен жазылған, дала почтасымен жөнелтілген конвертсіз үш бұрышты хаттардың бірнешеуін алды. Сөйтті де:

— Міне, әкемнің сақтаулы хаттары, — деп маған ұсынды. Дауысында өзгеше бір діріл бар еді.

«Ыстық жүрек кеудедегі шыбын жандарым Ескермес, Қоңқабай, Клара! Тегіс аман-есенсіңдер ме? Қал тұрмыстарың жақсы ма? Менен амандық сұрасаңдар, аман-есенмін. 28 августа оң аяғымнан рани болдым. Қазір жазылдым. Ал енді сіздер ол жақта мені уайым етпеңіздер. Бұйырса барып қалармын… мен елден шыққалы бірде бір хат-хабар ала алмадым. Арманым Ескермес пен Қоңқабайдың бір жазған хатын алсам, пейішке шығар едім. Шырақтарым, алтын қолдарыңмен жазған бір хаттарыңа зар болдым. Өзім аман болсам, хат жазып тұрамын. Сұраған елге сәлемде. Жекелеп жазбапты деп өкпелемесін. Уақыт осындай. Мені тегі уайым етпеңдер. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі. Соғысқа кіргеннің бәрі өле бермейді. Соғысқа кіргеннің бәрі өледі деп ойламаңдар».

Қайыңбай, 21 январь 1942 жыл

Әбділда Ақботаевтан: — Ол кісінің Қоңқабай дегені кім? – деп сұрадым.

Әкем мені Қоңқабай деп еркелететін, — деді көзінің жасын сүртіп. Қайыңбай Ақботаев енді бір хатында былай деп жазыпты.

«Рани болған жерім жазылды. Ешқандай кем болған жоқ. Біраз күннен соң майданға кіреміз», -дей келіп, соңын өлеңмен аяқтапты.

Хат жазамын ел-жұртқа,

Амандықты білдіріп.

Немісті біз қудық

Абаронын бүлдіріп.

Командир ротаны күлдіріп…

Кіргеннен соң соғысқа

Ілгері басып сырғыдық.

24 ноябрь 1943 ж.

Бұл майдангер марқұмның ең соңғы хаты екен. Кім біледі, өлең жазғандағы ойы – ауылда қалған бала-шағасын жігерлендіргісі келген де шығар.

Ендігі бір хат сарыбастаулық Әріп Сауранбаевтікі. Ол кісі де Отан үшін құрбан болған азаматтың бірі. Оның хаттарынан совет азаматтарына тән патриоттық сезім, ел-жұртына деген өшпес-өлмес махаббаттың лебі еседі.

«…Сәлем соңында айтарым колхоз көлемінің биылғы табыстары жақсы ма? Сіздердің жемісті жұмыспен Қызыл Армияға көмек берулеріңізді сұраймыз. Сіздер жұмысты жақсы істесеңіздер, қаһарман Қызыл Армия жауыз гитлерлік германияны түп-тамырымен жояға біз дайынбыз. Біз қаһармандық күрес жүргізіп, дұшпанды құртып, ауылға жеңіспен ораламыз».

Ә. САУРАНБАЕВ, 18 август 1943 ж. Калининград майданы

Иә, бұл хаттарды оқығанда, қалай тебіренбейсің. От пен оқтың ортасында жүріп, ел-жұртының, туған ауылының қамын ойлаған аяулы азаматтардың мәңгі сөнбес рухына қалай бас имессің. Әрине, Ұлы Отаны мұндай парасатты ұлдарын ешқашан да ұмытпақ емес.

Авторы: Ә. Әденов

«Советтік шекара» газеті

8 декабрь, 1984 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here